Среда, Май 1, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жұбанов университеті жастарына Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу талаптары түсіндірілді

Жұбанов университеті жастарына Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу талаптары түсіндірілді

Бүгін Жұбанов университетінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саида Сәдуақасова жас мамандармен және білім алушылармен кездесу өткізді. Кездесу барысында академия директоры Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің ерекшеліктері туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде мемлекеттік қызмет саласын басқаруда жаңа буын басшыларға жол ашып, дамуға тың серпін беретін креативті жастардың қатарын толықтыру мақсатында осы жоба 2019 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу екі жылда бір рет өтеді. 2019 жылы 300, 2021 жылы 50 жас кадрлық резервке алынды. Олардың қатарында өздеріңіздің жерлестеріңіз ақтөбеліктер де бар. Олар қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарады»,- деді Саида Сәдуақасова.

Оның айтуынша, үшінші іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігі ескерілген. Бұл жолы инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам бағыттары бойынша мақсатты іріктеу өткізіледі.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор жастар қажет екеніне тоқталып, ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарға бұл жоба бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті. Жиынға қатысушылар іріктеу шарттарымен танысып, кезеңдерге қатысты сұрақтарын қойды.

Атап өту керек, үшінші іріктеу кезеңінде 50 кандидат резервке алынады. Өтінімдерді қабылдау 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді. Президенттік жастар кадр резервіне білімі жоғары және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген, 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеу алты кезеңнен тұрады және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өтеді.