Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ресейлік суретші студенттерге шеберлік сабағын өткізеді

Ресейлік суретші студенттерге шеберлік сабағын өткізеді

Жұбанов университетіне халықаралық ұтқырлық бағдарламасы негізінде Санкт-Петербург қаласындағы А.И. Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, графикалық суретші Павел Пичугин келді. Танымал суретші екі аптаға жуық уақыт бойы кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттеріне дәріс өткізеді. Сонымен қатар профессор-оқытушылар мен білім алушылардың біліктілігін арттыру мақсатында семинар, дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтарын өткізу жоспарлануда.

Бүгін шетелдік ғалымның қатысуымен «Графика және сурет сабақтарында шығармашылық тұлғаны қалыптастыру» тақырыбында халықаралық семинардың ашылуы өтті. Семинар барысында Павел Пичугин графикалық жұмыстарды орындау кезіндегі заманауи әдістерді қолдану тәжірибесімен бөлісіп, графикалық суреттерді салудағы маңызды тақырыптар мен мәселелерді талқылады.

Айта кетейік, Павел Пичугиннің жетекшілігімен 30-дан астам шәкірті лауреат және дипломат иегері атанған. Ол 150-ден астам қалалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысып, 20-дан астам өзінің жеке көрмесін өткізді. Суретшінің жұмыстары Ресейдегі және шетелдегі мұражайларда, атап айтсақ, Ярославль өнер мұражайы, Эрмитаж-Выборг, Санкт-Петербург Мемлекеттік тарих мұражайы, Томск облыстық өнер мұражайы, Татарстан Республикасының Мемлекеттік бейнелеу өнері тағы да басқа мұражайларда орналасқан.

Семинар 16 қарашаға дейін жалғасады. Шетелдік ғалым студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытудағы сурет салу өнерінің рөлі, көркем туындыдағы психикалық танымдық процестер және кәсіби қиындықтар, бейнелеу өнерін дамыту әдістері туралы тақырыптарды талқылайды.