Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе Қажығалиын еске алды

Ақтөбе Қажығалиын еске алды

Руханият

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы  тірі болғанда  8 желтоқсанда 78 жасқа толар еді. Дәл туған күнінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» залында «Қаламгер, қайраткер Қажығали» атты еске алу кеші өтті.

Оқу орнының ректоры Бауыржан Ердембеков жазушының университетпен тығыз байланыста болғанын, филология факультетінде «Ақтөбе ақтангерлері» жобасы аясында Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы кабинет ашылғанын, мұнда студенттер жазушының шығармаларын зерттеп, жұмыс жасауына мүмкіндік барын айтты.

Аталған университеттің бас ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, қауымдастырылған профессор Мира Балтымова қаламгердің шығармашылық ғұмырбаяны мен әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан пайымдап берді.

Кештің модераторы Рахым Бекназаров Қажығали Мұханбетқалиұлының қазақ прозасын, соның ішінде қазақ тарихи романын интеллектуалдық тұрғыдан жаңа сапаға жетелеген жазушы екенін айта келе, қаламгердің курстас досы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы-драматург Әнес Сарайдың еске алу кешіне Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы жіберген видеолебізін ұсынды.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы Әнес Сарайдың: «Қажығали соңғы кезде үш әңгіме жазды…» деген  сөзін  «тірілте»  отырып, аталған  үш әңгіменің де «Ақтөбе» газетінде жарық көргенін айтты. — «Кесек кемпір» деген әңгімесі газетке шыққаннан кейін, хабарласып: «Ақтөбенің жұрты газет оқығыш-ей. Бәрі хабарласып жатыр…» деп риза болғанын білдіріп еді. Бауырмал, қаламдас інілеріне ықыласы бөлек болатын. Мінезі кіді, өзіне де,  өзгеге де талап қоя білетін, өз  пікірін ешқашан бүгіп қалмаған адам, — деді Бауыржан Бабажанұлы.

Кеш барысында жиналған жұртшылыққа  Қажығали Мұханбетқалиұлы жайында түсірілген «Қаламгер» деректі фильмі ұсынылды. Марқұмның туысы Көбеген Ермұханбетұлы осындай еске алу кешін ұйымдастырып отырған университеттің ректоры бастаған ұжымға ризашылығын білдіріп,  оқу орны кітапханасына жазушының төрт томдық кітабын тарту етті.

—  Қажығалидың  «Тар кезең» романында баяндалғандай,  отарлау саясатына қарсы шыққан Сырым Датұлының ұйымдастыруымен  Жіңішке өзенінің бойында  «Халық кеңесі» құрылтайы өткен.  Марқұм көзі тірісінде сол  тарихи орынға ескерткіш орнатсам дейтін, қаламгердің сол бастамасын облыс әкімі Оңдасын Оразалин қолдап, жақында Ақтөбе-Қобда тас жолындағы Құрашасай ауылынан өтіп жатқан Жіңішке өзені маңында ескерткіш-белгі орнатылды. Қажығали осылайша өзінің кейіпкерлеріне де,өзіне де ескерткіш орнатып кетті , — деді жазушының досы Е.Құрманбеков.

Университеттің кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаров жазушының Ақтөбеге келген сапарларына шолу жасап берді. Ал «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы, меценат Амантай Үмбетайұлы Қажыағаң Ақтөбеге келген сайын қасында жүріп, тағылымды әңгімелерін  тыңдағанын айтты.

Филология факультетінің 3-курс студенттері Амангелді Иманғазиев пен Ұлжан Айжарыққызы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романынан монолог оқып берді.

Кеш соңында қаламгердің туған інісі Сұңқар Мұханбетқалиұлы ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, осы университеттің студенті, отбасындағы сегіз баланың үлкені Бауыржан Сәдіровке Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы арнаулы стипендия тапсырды. «Қазақстанның минералды суы» ЖШС директоры Бердібек Шәкірбекұлының атынан Ақниет Елкеева университеттің тағы бір студенті Ұлжан Айжарыққызына бір жолғы стипендия табыстады.

Шара ҚР Мәдениет қайраткері,  әнші Феруза Нарман орындаған термемен өрнектелді.

 

 А.ІЛИЯСҚЫЗЫ

https://aqtobegazeti.kz/?p=95398