Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе облысында мұғалім жетіспейді

Ақтөбе облысында мұғалім жетіспейді

Дәл қазір өңір орталығы мен төрт ауданға 50-ден астам ұстаз қажет! Мәселенің шешімін табу үшін жыл сайын жергілікті бюджет есебінен жүздеген грант бөлініп, өзге де қосымша шаралар қабылданған. Бірақ нәтижесі аз.

Марина Колохованың зейнеткерлікке шыққанына бір жыл болса да қызметін әлі жалғастырып келеді. Себебі ұзақ жыл бойы еңбек еткен білім ұясында өзі секілді химия және биология пәнінен сабақ беретін басқа мұғалім әзірге болмай тұр. Былтыр іске кіріскен жас маманға қазір бағыт көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Марина Колохова, химия және биология пәнінің мұғалімі:

— Мен зейнет жасында болсам да өзімнің білген-түйгендерімді жас ұрпақ өкілімен бөлісуге дайынмын. Қазіргі уақытта бұның маңызы зор деп ойлаймын. Себебі мектепке келген жас маман оқушыларға дәріс беруде аса сапалы қызмет атқаруы керек.

Өткен оқу жылында бұл №9 мектеп-гимназиясына жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған 15 түлек қабылданған. Алайда маман тапшылығы мәселесі толық шешілмеді. Білім ұясына әлі математика, орыс тілі және бастауыш сынып мұғалімдері қажет.

Салиха Қазбаева, №9 мектеп-гимназиясының директоры:

— Дәріс беретін оқытушыларға қажеттілік дәл қазір аса сезілмегенімен, келер жылы өте өткір болайын деп тұр. Өйткені, зейнет жасына жетіп отырған мұғалімдеріміз бар. Сондықтан да жұмыспен қамту органдары мен Жоғарғы оқу орындарына өтініш бере бастадық.

Мектептерде мұғалімдер тапшылығы соңғы бірер жылда пайда болған мәселе. Былтырдың өзінде өңірдегі педагогикалық жоғарғы оқу орындарын бітірген мыңнан аса жас маман жұмысқа қабылданғанымен кейбір пәндер бойынша әлі де оқытушылар жетіспейді. Қазірдің өзінде Ақтөбе қаласы мен Алға, Мәртөк, Мұғалжар және Қарғалы аудандарына 53 ұстаз қажет. Білім басқармасы бос жұмыс орындары туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы да таратып жатыр. Ондағы қызметкерлердің айтуынша, мұғалімге сұраныс негізінен шағын жинақты шалғайдағы мектептерге аса қажет.

Нұргүл Бертілеуова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

— Шағын жинақты мектептерде көбіне қосарлы мамандар дейді, физика мен математиканы қатар беретін, химия мен бтологияның географияны қатар беретін мамандарды даярлау бойынша Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде осы қосарлы мамандарды даярлайтын арнайы факультеттер, бөлімдер ашылды. Қазіргі таңда екі бөлім дайындалып жатыр. 50 маман бітіруі керек. Гуманитарлық колледжде екі тілді қатар меңгеріп шығатын бастауыш класс мұғалімдерін даярлауды қолға алдық.

Болжам бойынша бұл мәселені толық шешу үшін әлі бірер жыл уақыт қажет. Ал әзірге оқытушысы жоқ пәндер бойынша өзге пән мұғалімдері немесе келісім-шарт негізінде зейнетке шыққан ұстаздар дәріс бермек. Бүгінде құрметті демалысқа шықса да, қызметін жалғастырып жатқандар саны облыс бойынша 300-ден асады.

 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев

/24.kz/