Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Тазалық акциясына қатысты

Тазалық акциясына қатысты

Ақтөбеде тазалық талаптарын сақтамаған жүзге жуық тұрғынға 4 млн теңге айыппұл салынды. Өңірде өткен аптада екі айлық сенбілік жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қар түскенше санитарлық тазалау мен абаттандыру жұмыстары сенбі-жексенбі сайын өтіп тұрады. Қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі – Мәншүк Мәметова көшесі бойындағы жағажай маңын тазартуды жастар қолға алған. Өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері саябақты қураған жапырақ пен қоқыстан арылтты.

Данияр Төрегелдиев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті:

– Бұл еріктілер қатарында 250-ге жуық студенттер бар. Оның 140-ы біздің Жұбанов университетінен келіп отыр. Үкімет жауап бермейді тазалыққа. Жастар сы тұрғындар жауапты. Жастар патриот болса, Ақтөбе қаласы таза, әдемі болады. Саябақтың сәнін келтіруге 350-ден астам адам қатысты. Жалпы санитарлық тазалау жұмыстарына 22 мыңнан аса тұрғын атсалысқан. Жүзден аса кәсіпкерлік ұжымдары, мектептер мен медициналық мекемелер облыстық сенбілікке шықты. Өткен аптадан бері 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылған.

Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:

– Тазалайтын арнайы мекемелер де бар. Бірақ олардың да ашығын айтқанда, бүкіл қаланы қысқа уақыт ішінде тазалап шығады деген әңгімеге сену қиын. Мүмкін емес. Тазалық тазалаған жерде ғана емес, таза ұстаған жерде ғана болады. Сондықтан бүкіл халық болып, міне, осы дүниеге қатысып жатыр.

Аймақтың қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген жастарға алғыс хат табыс етілді.

Айта кету керек, олардың дені Қостанай облысында болған төтенше жағдай кезінде де қолдау көрсетіп, гуманитарлық көмек жөнелтуге атсалысты. Тазалық жұмыстарымен қатар өзен арналарын қоқыстан арылту мәселесі де назарда. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары суға бөгет боп, көктемде тұрғындарға қауіп төндірген Песчанка өзенінің шақырымға жуық аңғарын тазартуға кірісті. Қала басшысының айтуынша биылғы су тасқыны кезінде дәл осы тұстағы екі көшені су басып, тұрғындарды әбігерге салған.