Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте коворкинг орталығы ашылды

Университетте коворкинг орталығы ашылды

Бүгін Жұбанов университетінде заманауи жабдықталған Коворкинг орталығы ашылды.

Орталықтың ашылуына Қазақстан Халық банкінің Ақтөбе облысы бойынша филиалы өкілі, университет басшылығы және докторанттар қатысты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова бұл орталықтың жастардың жаңа идеяларын, ғылыми бастамаларын жүзеге асыруда, өзара талқылауда маңызды алаңға айналатындығын атап өтіп, материалдық қолдау танытқан Халық банкі басшылығына ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде Халық банкінің Ақтөбе облысы бойынша филиалы директорының бөлшек сауда жөніндегі орынбасары Айнұр Тансыкбаева университетпен өзара тиімді ынтымақтастық жалғасатынын, алдағы уақытта өңірдегі ғылым және білімді дамытуда бірлескен жобаларды жүзеге асыруда үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

Жаңадан ашылған коворкинг орталығында оқу орнының басшысы докторанттармен кездесуді жалғастырды. Кездесу барысында оқу жүйесінің сапалығы, диссертацияның қорғалу барысы, ғылыми мақалалардың жариялануы, постдокторантура басқа да маңызды мәселелер талқыланды.
Ашық кездесуде еркін пікір алмасып, ұсыныстар айтылып, сұрақтар қойылды.

Университет басшысы докторанттарға ғылым жолындағы ізденісті тоқтатпай, жаңа белестерді игеруде сәттілік тіледі.
Айта кетейік, коворкинг жастардың бос уақытын тиімді өткізетін, жаңа бастамаларын жүзеге асыратын, тың идеяларын талқылайтын алаңға айналмақ. Білім алушылар мұнда түрлі кездесулер, іс-шаралар, семинарлар, шеберлік сағаттарын тағы басқа шараларды өткізе алады.