Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Халықаралық байланыс > Ректор Б.Ердембеков бастаған ресми өкілдер Түркия университеттерімен келіссөз жүргізіп келді

Ректор Б.Ердембеков бастаған ресми өкілдер Түркия университеттерімен келіссөз жүргізіп келді

19-23 ақпан аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Гүлжан Шоқым және халықаралық ынтымақтастық орталығының маманы Дәулет Қантөреұлы Түркия Республикасы Ыстамбұл, Анкара және Сакария қалаларының университеттеріне арнайы іс-сапармен барып келді.

Түркия еліндегі ресми іс-сапардың алғашқы күні Ыстамбұл қаласында орналасқан Түркия елінің ең алдыңғы қатардағы  озық оқу орны Ыстамбұл университетінен басталды. Ыстамбұл университетінің ректоры Махмут Ак мырза бастаған бір топ университет басшылары келген қонақтарды қарсы алып, университеттің жалпы тарихы мен қазіргі жағдайы туралы таныстырды. Кездесу барысында сөйлеген сөзінде түрік әріптестердің жылы қабылдауына ризашылық көңілін білдіре отырып, Бауыржан Аманкелдіұлы: «Бүгінгі кездесуді ұйымдастырып бізді қабылдағаныңыз үшін университет ректоры Махмут Ак мырзаға және университет басшылығына үлкен алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастар осы жылдар ішінде екі ел арасындағы достық пен бірлікке негізделген байланыстардан арна тартып, тұрақтылық сипатындағы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Бұл ретте білім беру саласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Ыстамбұл университеті арасындағы өзара халықаралық байланыс екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға септігін тигізетін болады»,- деген сенімін жеткізді. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолдары, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттермен алмасу, профессор-оқытушылармен тәжірибе бөлісу, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу секілді маңызды тақырыптарда келіссөздер жүргізді.

Бауыржан Аманкелдіұлы кирилл әліпбиіне негізделген қазақ жазуы латын әліпбиіне көшуіне байланысты, ғасыр бұрын бұл үрдісті өткізген ел ретінде түркиялық ғалымдардан алар үлгіміз мол екендігін жеткізіп, осы мәселе бойынша тәжірибе алмасу ұсыныстарын білдірді. Бұған дейін университетімізге Ыстамбұл университетінің профессоры Атакан Курт мырза арнайы шақыртылып, латын әліпбиіне көшу жөнінде үлкен жобаны ұсынған болатын.

Басқосу соңында екі жоғары оқу орнының ректорлары «Мәулана» академиялық өзара алмасу бағдарламасы бойынша арнайы келісімге қол қойып, осыған дейін екі университет арасында ортақ меморандумға қол қойылған болатын.

Сапар аясында университетімізден арнайы барған өкілдер Ыстамбұл университетінің технопарк аймақтық зертханасы мен тәжірибелі-өндірістік орындарын аралап, Ыстамбұл университеті технопаркінің ( Istanbul University Enter Tech Istanbul Teknokent) жетекшісі Мурат Суймер (Murat Sumer) мырзаның жеке қабылдауында болып, онда атқарылып жатқан және осыған дейін атқарылған қызмет түрлерімен жақын танысты.

Сапардың екінші күні Сакария қаласында жалғасты. Бүгінгі күні Сакария мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеттері арасындағы ынтымақтастық ортақ байланыс бастау алған болатын. Қазіргі уақытта Сакария университетінде әр түрлі мамандықтан жиналып, арнайы конкурстан өткен 12 студент академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуларын жалғастыруда.

Сакария университетінің ректоры Музаффэр Элмаз мырза келген делегация мүшелерімен кездесуде «Қазақстан мемлекетімен мемлекетаралық кең көлемді қатынас орнату — Түркияның халықаралық қатынастар саласындағы басты міндеттерінің бірегейі. Бұл екі мемлекетті жақындастыратын басты фактор — екі халықтың түбі бір туыстығы, өткен тарихының ортақтығы, этнолингвистикалық жақындығы дәлел. Жұбанов университетімен бастау алған жаңа жұмыстарымыз бен ынтымақтастық ортақ байланысымыз өз жемісін беретініне үмітіміз мол»,- деп сөз тарқатты.

Кездесу барысында қос тарап ректорлары ынтымақтастық аясында ортақ меморандумға қол қойды. Қол қою сәтінде алдағы уақытта Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мен Сакария университеті бірлесе келе қос дипломды білім беру, өзара студент  алмасу, түрік тілін үйрететін тіл мамандарын және ғалым-профессорларды шақыру және бірлескен инновациялық (гуманитарлық, техникалық, жаратылыстану бағыттары бойынша) жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланып, ортақ шешімдер қабылданды. Осы мақсатта Сакария университеті технопаркісінің ( Sakarya Teknokent) бас менеджері, профессор Тахсын Енджин (Tahsin Engin) арнайы презентация жасап, технопарктің құрылысымен жақын таныстырды. Сакария университетінің проректоры, профессор Мехмет Али (Mehmet Ali) және компьютерлік инженерия департаментінің профессоры Ахмет Озмен (Ahmet Ozmen) ұйымдастыруымен Сакария университеті сайтының цифрлық технологиясы таныстырылды. Студенттерді жеке-жеке тіркеу, бағалау, баға қорытындыларын жариялау және оқытушылық құрамды тіркеу құрылымдары таныстырылды.

Кездесу соңында Бауыржан Аманкелдіұлы Сакария университеті басшылығына алдағы уақытта Жұбанов университетінің құрметті қонақтары болуға шақырды.

Ынтымақтастық үшін тікелей байланыстар орнату мақсатында жоспарланған іс-сапардың үшінші күні Анкара қаласындағы Хаджеттепе университетінде жалғасты. Бұл іс-сапардың негізгі мақсаты – Хаджеттепе университетінің  оқу және ғылыми-зерттеу салаларындағы  жаңа озық технологиялар мен үздік  тәжірибелерді, профессор- оқытушылар мен студенттер  алмасу  бағыты бойынша тікелей  ынтымақтастық орнату болды. Хаджеттепе университетінің ректоры Халук Өзен мырза бастаған бір топ басшыларымен кездесу аясында осы мәселелер талқыланды. Болашақта біріге жаңа жобаларды жасау ұсынылды. Халықаралық ынтымақтастық департаментінің вице үйлестірушісі Гюзен Ерган (Gozen Ergan)    басшылығымен «Мәулана» және «Эразмус +» бағдарламалары бойынша жұмыс жасайтын жауапты тұлғалармен кездесу ұйымдастырылды. Бұл тұста екі жақ өкілдері болашақта бірігіп жасалатын жұмыстарды талқылады. Келесі жаңа оқу жылында 20-ға жуық университеттің студенттері Хаджеттепе университетіне оқуға қабылданады деп күтілуде.

Сонымен қатар, өкілдер Хаджеттепе университетінің бірқатар ғылыми-зерттеу зертханаларымен және материалдық-техникалық базасымен танысты.

Осылайша Түркия еліне жасалынған іс-сапар сәтті аяқталды.